Шұғыл рейс: Таиландтан ауыр халдегі екі айлық сәби Алматыға жеткізілді

Фото: depositphotos.com

Медавиация қызметі Таиландтың Пхукет қаласынан екі айлық сәбиді шұғыл түрде Алматыға жеткізді, деп хабарлайды «24KZ».

Санитарлық авиация рейсі 11 мамыр күні жүзеге асырылған. Дәрігерлердің мәліметінше, нәрестенің жағдайы ауыр болған. Ол тұрақты түрде оттегімен қамтамасыз етуді қажет етіп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Сәбиді қауіпсіз тасымалдау үшін арнайы медициналық кювез қолданылды. Эвакуацияны Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мобильді медициналық бригадасы жүзеге асырған.

Алматыға жеткізілгеннен кейін сәби бірден Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жатқызылып, қажетті ем қабылдауға жіберілді.