Ақтау портынан алғаш рет өсімдік майы экспортталды

Фото: depositphotos.com

Қазақстан алғаш рет Ақтау порты арқылы өсімдік майын экспортқа жөнелтті. Жаңа бағыт Каспий теңізі арқылы Иран нарығына шығуға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды «24KZ».

Ақтау порты арқылы көлемі 5 мың тонна болатын рапс майының алғашқы партиясы сәуір айында жөнелтілген. Импорттаушы – Ирандағы ірі Kourosh Food Industry компаниясы. Ал өнімді Қазақстандағы жетекші май өңдеу зауыттарының бірі экспорттаған.

13 мамырда дәл осындай көлемдегі күнбағыс майы тиелген екінші кеме де жолға шықты. Мамандар мұны қазақстандық май өнімдеріне сұраныстың артқанын және Каспий арқылы өтетін жаңа экспорттық дәліздің әлеуеті жоғары екенін көрсетеді деп бағалап отыр.

Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовның айтуынша, Иран жыл сайын шамамен 3,5 млн тонна өсімдік майы мен күнжара импорттайды. Оның 1,5 млн тоннасы – тікелей өсімдік майы.

Қазақстан мен Иранды Каспий теңізі байланыстырып отыр. Сонымен қатар екі ел арасында преференциялық кедендік режим жұмыс істейді. Ақтау порты арқылы өсімдік майын экспорттау жеткізілім көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Қауымдастық мәліметінше, алдағы уақытта Ақтау порты арқылы ай сайын 3-4 кеме жөнелту жоспарланып отыр. Бұл жылына 150-200 мың тонна өсімдік майын экспорттауға мүмкіндік береді. Болашақта Иранға экспортталатын май өнімдері мен күнжара көлемі 500 мың тоннадан асуы мүмкін.