Адам өлтірген ер адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды
Шымкентте 2026 жылдың қаңтарында болған резонанстық қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды. Сот қорытындысы бойынша, әйелді пышақтап өлтірген ер адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлі емдеуге жіберілді, деп хабарлайды «24KZ».
Іс Шымкент қаласындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қаралды.
Сот барысында айыпталушының 2022 жылдан бері психиатриялық есепте тұрғаны және бірнеше рет ем алғаны анықталды. Соңғы емдеу курсы 2025 жылы жүргізілген. Сондай-ақ оның екінші топтағы мүгедектігі бар екені расталды.
Соттың мәліметінше, сотталушы жасаған әрекетінің қоғамға қауіпті екенін толық түсінбеген және өз іс-қимылын бақылай алмаған.
Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, қылмыс жасаған сәтте ол өз әрекетіне толық жауап бере алмайтын жағдайда болған.
Осыған байланысты сот оны Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі ем қабылдауға жіберу туралы шешім шығарды.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылдың қаңтар айында Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында болған. Күдікті ұсталған кезде полиция қызметкерлеріне де қарсылық көрсеткен.