Бәске түскен жасөспірім жардан секіріп, суға батып кетті
Лисаков қаласында Тобыл өзенінің жағасындағы Қаражар маңында қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды «24KZ». Жасөспірім суға батып кетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім достарымен бәстесіп, биік жартастан суға секірген. Алайда бұл аумақ - шомылуға арналмаған және аса қауіпті орындардың бірі.
Оқиғаны Қостанай облыстық ТЖД растады.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 2011 жылы туған жасөспірімнің денесі Лисаковск қаласы маңындағы Тобыл өзенінен табылып, судан шығарылды. Жасөспірім шомылуға арналмаған жерде суға түсу кезінде батып кеткен, – деп хабарлады Қостанай облысы ТЖД.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды тек рұқсат етілген және жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.