«Палау орталығындағы» жойқын жарылыс: Сотқа дейінгі тергеу аяқталды
Щучинск қаласындағы «Плау орталығы» дәмханасында болған қайғылы өртке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары аяқталды. Бұл туралы Ақмола облыстық прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды «24KZ»
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта Қылмыстық-процестік кодекстің 296-бабына сәйкес, іс тараптарының материалдармен танысу процесі жүріп жатыр. Осы кезең аяқталғаннан кейін түпкілікті шешім қабылданып, іс сотқа жолданады.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 26-сынан 27 ақпанға қараған түні Щучинск қаласындағы дәмханалардың бірінде болған еді. Ғимарат ішінде газ баллоны жарылып, арты жойқын өртке ұласты. Бастапқыда төтенше жағдайдан 6 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын. Кейіннен жансақтау бөлімінде жатқан зардап шегушілердің шетінеуіне байланысты құрбандар саны алдымен 9-ға, артынша 11-ге жетті.
Жарылыс пен өрттен ауыр жарақат алған бес адам санавиациямен және жерүсті көлігімен Астана қаласындағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілген еді. Алайда дәрігерлердің ем-домына қарамастан, елордалық ауруханада тағы бір зардап шегуші көз жұмды. Осылайша, «Плау орталығындағы» апаттан қаза тапқандардың жалпы саны 12 адамға жетті.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, көп ұзамай дәмхана қожайыны ұсталған болатын. 4 наурызда сот шешімімен ол екі айға қамауға алынған.