Жамбыл облысында әскери ұшқышсыз аппарат төтенше жағдайда жерге қонды
Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің ұшқышсыз ұшу аппараты жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындау барысында Жамбыл облысы Талас ауданы аумағында штаттан тыс жағдайда жерге қонды, деп хабарлайды «24KZ».
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, оқиға 2 маусым күні болған.
«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің ұшқышсыз ұшу аппараты жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындау барысында Жамбыл облысы Талас ауданы аумағында штаттан тыс жағдайда жерге қонды», – делінген министрлік хабарламасында.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қираулар тіркелмеген. Сондай-ақ тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына ешқандай қауіп төнбеген.
Алдын ала болжам бойынша, оқыс оқиғаға техникалық ақау себеп болуы мүмкін.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия оқиға орнына жіберілді. Қазіргі уақытта ұшқышсыз аппарат қонған аумақты тексеру және оқиғаның себептерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.