Астанада қол-аяғы байланған қызды көлікке күштеп отырғызбақ болған: полиция мән-жайды түсіндірді
Астанадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының автотұрағында болған оқиға қоғамда кеңінен талқыланып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Куәгерлердің айтуынша, бір топ адам қол-аяғы байланған жас қызды күштеп көлікке отырғызуға әрекеттенген. Оқиға туралы Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы жазған. Оның сөзінше, қыздың аузы да жабылған немесе скотчпен таңылған болған.
Куәгер жұбайымен бірге сауда орталығының қауіпсіздік қызметіне хабарласып, полиция шақырған.
Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Көптеген қолданушы қатысушылардың әрекетін орынсыз деп бағалап, бұл жағдайдан заңсыз бостандықтан айыру белгілерін байқағандарын айтты. Сондай-ақ мұндай мәселелер тек уәкілетті органдардың қатысуымен және заң аясында шешілуі тиіс екенін атап өтті.
Кейін бұл жағдайға Астана қаласының Полиция департаменті түсініктеме берді.
– Қаланың сауда орталықтарының бірінің маңында болған оқиға бойынша тексеру жүргізілді. Оқиғаға қатысқан барлық азаматтың жеке басы анықталды. Тексеру барысында мамандандырылған есепте тұрған туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жақындары тиісті шаралар қабылдағаны белгілі болды. Оқиға орнында реттелді, зардап шеккендер жоқ, – деп хабарлады полиция өкілдері.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз