«Қай уақытта тудым?»: қазақстандықтардың жаңа әуестігі ауруханаларды әбігерге салды

Фото: depositphotos.com

 Қазақстандықтар нақты туған уақытын білу үшін перзентханалар мен ауруханаларға жаппай сұрау жолдай бастады, деп хабарлайды «24KZ» 31-арна жаңалықтарына  сілтеме жасап.  

Елде наталдық картаға қызығушылықтың артуына байланысты азаматтар туған уақытын анықтау үшін медициналық мекемелердің мұрағаттарына жүгінуде. Тек соңғы екі аптада Қостанай облысында осындай 200-ден астам өтініш тіркелген.

Мамандардың айтуынша, сұраныстың көбеюіне астрологиялық болжамдардың танымал болуы әсер еткен.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, біз әр өтінішке белгіленген мерзімде жауап беруге міндеттіміз. Уақытында жауап бермесек, тәртіптік жауапкершілікке тартыламыз. Соның салдарынан медицина қызметкерлері негізгі жұмыстарынан алаңдап, мұрағаттағы құжаттарды іздеп, қажетті ақпаратты тауып, ресми жауап дайындауға мәжбүр болады», – дейді Қостанай облыстық ауруханасы бас дәрігерінің акушерлік-гинекологиялық көмек жөніндегі орынбасары Борис Аутенов.

Мұндай өтініштер медицина қызметкерлеріне қосымша жүктеме түсіруде. Оның үстіне туу туралы медициналық құжаттар небәрі 25 жыл сақталады. Сондықтан жасы 30-дан асқан азаматтардың нақты туған уақытын анықтау көп жағдайда мүмкін емес.

Азаматтардың басым бөлігі бұл мәліметті астрологиядағы наталдық картаны жасау үшін іздейді. Астрологтардың пікірінше, адамның туған күні, уақыты мен орны оның мінез-құлқы, қабілеті және өмір жолына қатысты болжамдар жасауға негіз болады.

Денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды түсіністік танытуға шақырып, медициналық ұйымдардың басты міндеті халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау екенін еске салды.