Қызылордада атракционда оператор болып жұмыс істейтін жігіт екі аяғынан айырылды

Фото: Видеодан скрин

Қызылорда қаласындағы «Арай» ойын-сауық паркінде қайғылы оқиға болды. Аттракционда жұмыс істейтін 19 жастағы жігіт америкалық роликті төбешіктің рельсіне қысылып қалып, екі аяғынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ».

Оқиғаны қалалық прокуратура растады. Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдай 14 маусым күні кешкі сағат 23:00 шамасында болған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 2007 жылы туған азамат жедел жәрдем көлігімен ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген.

«Науқасқа шұғыл түрде ота жасалды. Операция барысында сол аяқ санның жоғарғы бөлігінен, ал оң аяқ тобық буыны деңгейінен ампутацияланды. Жағдайы өте ауыр, тұрақсыз», – делінген басқарма таратқан ақпаратта.

Қазіргі уақытта дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.

«Арай» паркі жеке меншікке тиесілі. Ойын-сауық орталығының директоры Бердібек Мыхановтың айтуынша, зардап шеккен азамат аталған аттракционда екі жылдан бері жұмыс істеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, америкалық роликті төбешікте кішкентай бала жылап отырғандықтан, қызметкер оған көмектесу үшін қауіпсіздік аймағынан өткен. Алайда ол аттракционды басқаратын пультті өшірмеген. Техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан қайғылы оқиға орын алған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде зардап шеккен жігіттің туыстары мен еріктілер тұрғындарды қан тапсыруға шақырған болатын.

«Баршаңыздан өтініш – көмектесіп, қан тапсырайық. Кез келген қан тобы жарайды. Қан Тұрғынбай Балғынбекке қажет», – делінген желіде тараған хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.