Блогер Әділетхан Молдаханның соты: Прокурор айыптау актісін жариялады
Алматыда танымал блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. Алмалы аудандық сотында өткен кезекті отырыста мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды, деп хабарлайды «24KZ».
Блогерге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы, яғни жалған ақпарат тарату бойынша айып тағылған. Іс бойынша Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен қалалық Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев жәбірленуші деп танылды.
Сот отырысының басында төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков прокуратураның қорғау тарапы ұсынған істі қысқартылған тәртіппен қарау туралы өтінішхатты қолдамағанын мәлімдеді. Айта кетейік, бұған дейінгі сот отырысында айыпталушы Әділетхан Молдахан өз кінәсін толық мойындап, істі қысқартылған құрамда қарауды сұраған болатын.
Серік Шумаевтың өкілі, адвокат Жандос Палманов моральдық зиянды өтеу ретінде 10 миллион теңге және сот шығындары үшін 1 миллион теңге өндіруді талап етті. Қорғаушының айтуынша, блогердің әрекеті оның сенім білдірушісінің кәсіби беделіне нұқсан келтірген.
Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымов та бұған дейін дәл осындай көлемде - 10 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығынын өндіру туралы талап арыз түсірген еді.
Тараптардың өтініштерін қарағаннан кейін мемлекеттік айыптаушы Ұлжан Әбдіраманова айыптау актісін жариялады. Құжатқа сәйкес, Әділетхан Молдахан әлеуметтік желідегі парақшасында аудиториясын арттыру мақсатында резонансты бейнероликтер жариялаған.
Прокурордың мәлімдеуінше, блогер 2026 жылдың 21 наурызында болған жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдіру барысында полиция қызметкерлері туралы теріс пікір қалыптастырып, жала жапқан. Осылайша, Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары Е. Ұзабаев пен Әкімшілік полиция басқармасының бастығы С. Шумаевтың құқықтары бұзылған деп есептейді айыптау тарапы.
Сотталушы өзінің бейнежазбасында ешқандай дәлелсіз, Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Ұзабаев пен Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев ықпалды бизнес өкілдерінің балаларына қамқорлық (покровительство) жасап отыр деп мәлімдеген», - деді прокурор.
Еске сала кетейік, блогер Әділетхан Молдахан ағымдағы жылдың наурыз айында ұсталған болатын. Ол өзінің Instagram парақшасында Әл-Фараби даңғылында 21 наурызға қараған түні орын алған, адам өліміне әкеп соққан шулы жол апатының мән-жайын белсенді түрде жариялап келген еді.