Астанада бес бала соққыға жығылды: полиция іс қозғады
Астанада кәмелетке толмағандарды соққыға жығу дерегі бойынша іс тергеліп жатыр. Ата-аналардың айтуынша, екі күн ішінде бес бала зардап шеккен. Осы факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде пайда болған. Онда 10 және 11 маусым күндері бір топ жасөспірім кәмелетке толмаған бес баланы кезек-кезек соққыға жыққаны айтылған. Оқиғаның бір эпизоды видеоға түсіп, желіде тараған. Осыдан кейін ата-аналар полицияға жүгінген.
Сондай-ақ жарияланымдарда шабуыл кезінде кастет қолданылуы мүмкін екені айтылған.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, барлық қатысушылардың жеке тұлғалары анықталған.
«Оқиғаға қатысқан барлық тұлға бұрыннан бір-бірін танитын жасөспірімдер, олар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – делінген департамент хабарламасында.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз