Ингушетияда 8 жасар Хизир Дербичевті соңғы сапарға шығарып салды

Ингушетиядағы Сунжа өзенінде орын алған қайғылы оқиғадан кейін бір аптадан астам уақыт бойы іздестірілген 8 жасар Хизир Дербичевтің денесі табылды. Бұл туралы «24KZ» арнасы хабарлайды.

Республика үкіметінің мәліметінше, Хизирдің денесі 22 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 16:50-де, оқиға орнынан 10 шақырым қашықтықтан табылған. Осыдан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі іздестіру-құтқару жұмыстарының ресми түрде аяқталғанын жариялады.

Баланы Шешен Республикасынан келген еріктілер - Хамзат Ильясов пен Саиди Юсупов тапты. Олар құтқарушылармен, төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен және жүздеген еріктілермен бірге алғашқы күннен бастап іздеу шараларына белсене қатысқан болатын.

Суға кетіп бара жатқан досын құтқармақ болып: «Қане, оны құтқарайық! Біз еркекпіз ғой!» - деп айқайлаған сөзі Хизирдің ең соңғы сөзі болып қалды. Ол өте қысқа, бірақ жарқын ғұмыр кешіп, өзінің жанқиярлық әрекетімен бүкіл әлемдегі мыңдаған адам үшін шынайы ерлік пен батырлықтың үлгісіне айналды.

Кішкентай батырды соңғы сапарға аттандыру үшін зират басына он мыңдаған адам жиналды. Жаназаға Ингушетия, Дағыстан, Шешенстан және Кавказдың өзге де аймақтарынан тұрғындар ағылып келді.

Жиналған жұртшылықтың, әсіресе сегіз тәулік бойы толассыз іздеу жұмыстарына қатысқан еріктілердің көбі көз жасына ерік беріп, бұл қазаның орны толмас ауыр шығын екенін жеткізуде. Жас батырдың есімі ел жадында мәңгі сақталмақ.