Жастарды әскерге әкетем деп қорқытқан пранкер қамауға алынды
Астанада өзін әскери комиссариат қызметкері ретінде таныстырып, көшеде жүрген жастарды «әскерге алып кетемін» деп қорқытқан пранкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «24KZ».
Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамауға алынды.
Астана полициясының мәліметінше, тексеру барысында бұл жағдайдың шынайы рейд емес, әлеуметтік желіде танымал болу мақсатында ұйымдастырылған пранк екені анықталған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода пранкердің адамдарды әдейі үркітіп, әскери комиссариат өкілі ретінде өзін таныстырғаны көрінеді. Қорыққан жастардың бірі жағдайдан сасқалақтап, қашамын деп суға секіргені байқалған. Оқиғаның видеосы қоғамда үлкен талқылау тудырды.
Елорда полициясы видеоны түсірген азаматты анықтап, бөлімшеге жеткізген. Тергеу барысында пранкке қатысқан екінші адамның кәмелетке толмағаны және түсірілімге алдын ала келіскені белгілі болды. Ведомства өкілдері:
«27 жастағы пранкер ұсақ бұзақылық жасап, арнайы форма мен айырым белгілерін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 10 тәулік қамау жазасы берілді», деп хабарлады.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттердің қоғамға қауіпті екенін ескертіп, азаматтарды жалған ақпарат тарату мен адамдардың қауіпсіздігін қатерге тігетін «әзілдерден» аулақ болуға шақырды.