Маңғыстауда ер адамдарға әйелдерге арналған операция рәсімделіп, 221 млн теңге жымқырылған

Фото: depositphotos.com

Маңғыстау облысында жекеменшік екі клиника ер адамдарға көрсетілген медициналық қызметтерді бірнеше есе қымбат етіп рәсімдеу арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаражатын жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды «24KZ».

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) аталған факті бойынша екі клиника басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

Анықталғандай, «IBN SINA» және «SOFIE MED GROUP» медициналық орталықтарының лауазымды тұлғалары ер адамдарға қойылған «варикоцеле» диагнозы кезінде әйелдерге арналған жоғары технологиялық операция – «кіші жамбас ағзалары мен жатыр артериялары тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы» қызметін негізсіз кодтау арқылы көрсеткен.

Нәтижесінде 200-ден астам науқасқа медициналық қызметтер негізсіз қымбат бағамен рәсімделіп, емдеу құны 10 есеге дейін көтерілген. Сонымен қатар 19 жағдайда пациенттердің бұл клиникаларға мүлде жүгінбегені анықталған.

Мемлекетке келтірілген жалпы залал 221 млн теңгеден асқан.

Тергеп-тексеру жалғасуда.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз