Ақша төленді, бірақ шетелге шыға алмады: Ақтөбеде 200-ден астам тұрғын зардап шекті
Ақтөбе облысында 200-ден астам тұрғын туристік компанияға ақша төлегенімен, жоспарлаған жазғы демалысына шыға алмады, деп хабарлайды «24KZ».
Осы дерек бойынша Ақтөбе облысы Полиция департаменті туристік қызмет көрсету сылтауымен жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Тергеу мәліметінше, туристік компаниялардың бірінің өкілдері азаматтардан шетелдік сапарларды ұйымдастыру үшін алдын ала ақша алған. Алайда жолдамалар рәсімделмей, қонақүйлер брондалмаған және әуе билеттері сатып алынбаған. Соның салдарынан тұрғындардың жоспарлаған демалысы жүзеге аспай қалған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы, жәбірленушілердің нақты саны және келтірілген материалдық шығын көлемі анықталады, – деді Ақтөбе облысы Полиция департаменті Киберполиция басқармасының аға жедел уәкілі Жәнібек Шағиров.
Полицияның мәліметінше, жазғы демалыс маусымында туристік компания атын жамылған алаяқтар белсенді әрекет етеді. Олар нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен турларды ұсынып, шұғыл төлем жасауды талап етеді. Ал қаражатты алғаннан кейін байланысқа шықпай қояды.
Тәртіп сақшылары азаматтарға туристік қызметке ақы төлемес бұрын компанияның беделін, заңды құжаттарын және клиенттердің пікірлерін мұқият тексеруге, ресми келісімшарт жасауға, сондай-ақ төлемді тек расталған реквизиттер арқылы жүргізуге кеңес береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз