Таиландтан Қазақстанға есірткі жеткізген адам 16 жылға сотталды
Таиландтан Қазақстанға халықаралық сәлемдемелер арқылы есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған адам 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ».
Бас прокуратураның мәліметінше, Алматыда алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша сот оны есірткі контрабандасын ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп таныған.
Тергеу және сот барысында анықталғандай, сотталушы гашиш майын сәлемдемелердің ішіне жасырып, оларды ештеңеден хабарсыз туыстары мен таныстарының атына рәсімдеу арқылы елге заңсыз әкелуді ұйымдастырған.
Құқық қорғау органдары контрабанданың бірнеше әрекетінің жолын кесіп, жалпы салмағы 5,7 келіден асатын каннабис сығындысын тәркілеген. Сонымен қатар, сотталушыдан өткізуге арналған есірткі заттары мен заңсыз сақталған оқ-дәрі табылған.
Іс бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз