35 рет пышақ сұққан: Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот басталды
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық істі қарау басталды. Тергеу нұсқасы бойынша, 28 жастағы Шерхан Аймахан қызға 35 рет пышақ сұққан, деп хабарлайды «24KZ».
Алғашқы сот отырысына денсаулығына байланысты қатыспаған айыпталушы Шерхан Аймахан бұл жолы сот залына күзетпен жеткізілді. Оның мойны мен сол қолы медициналық дәкемен ораулы болған.
Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымовтың айтуынша, қайғылы оқиға биыл 11 қаңтарда болған. Дүкенге шыққан Нұрай Серікбайды кездестірген күдікті оған саябаққа баруды ұсынған. Бойжеткен бас тартқан соң, Аймахан оны өлтіруді ұйғарған.
Айыпталушы өзімен бірге алып келген пышақты шығарып, Нұрайға 5-6 рет сұғып алған. Қыздың айқайын естіп, куәгер жақындағанда күдікті қашып кетпек болып, шамамен 5-6 метр жүгірген. Алайда қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізу үшін қайта оралып, жерде жатқан бойжеткенге қайтадан пышақ сұққан. Жалпы саны 35 рет пышақ ұрған. Қыз алған жарақаттары мен көп қан жоғалтудан оқиға орнында көз жұмды, – деді прокурор.
Тергеу мәліметінше, марқұм мен айыпталушы туыстарының жиынында танысқан. Күдікті үйленуге ұсыныс жасағанымен, Нұрай дайын еместігін айтып бас тартқан. Соған қарамастан, Аймахан оны еркінен тыс алып қашқан. Сарбаздар мен полицияның көмегімен қыз үйіне қайтарылғанымен, жігіт оны аңдуды тоқтатпаған.
Күдікті екі сағаттың ішінде Нұрайға 76 рет қоңырау шалып, мазасын алған. Бойжеткен телефон нөмірін екі рет ауыстырғанымен, қудалаудан құтыла алмаған.
Сотталушы өз кінәсін мойындамайтынын айтып, процестің онлайн көрсетілуіне, БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсылық білдірді.
Судья Самиддин Теміралиев тараптардың келісімі болмағандықтан, сотты тікелей эфирде көрсетуге тыйым салды. Дегенмен, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 29-бабына сәйкес, сот ашық режимде өтеді және БАҚ өкілдеріне залда отырып, фото-бейнетүсірілім жасауға рұқсат берілді.
Соттың негізгі талқылауы 28 шілдеге белгіленді. Жеті айға созылған тергеуден кейінгі бұл істе сотталушының мүддесін 4 адвокат, ал жәбірленуші тарапты 2 қорғаушы өкілдік етуде.