Криптовалютамен заңсыз айналысқан қостанайлықтан 1,9 млрд теңге тәркіленді

depositphotos.com

Қостанай облысында криптовалютаны заңсыз айналымға шығарып, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырған тұрғынға қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Қылмыстық жолмен тапқан 1,9 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекет пайдасына өндіріліп, айыпталушы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ»

2026 жылғы 14 шілдеде шыққан сот үкіміне сәйкес, 28 жастағы Қостанай облысының тұрғыны кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, ол цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, сондай-ақ цифрлық майнингке байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге айырылды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында сотталған адамның 2020-2024 жылдар аралығында тиісті рұқсатсыз Binance платформасында P2P форматында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алу-сату бойынша заңсыз қызметті ұйымдастырғаны анықталды. Қаржылық операцияларды жүргізу үшін сотталған адамның өзіне де, оның туыстарына және өзге адамдарға да ресімделген банк шоттары пайдаланылған. Заңсыз қызметтің нәтижесінде ол жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеден асатын заңсыз кіріс алып, оны қылмыстық шығу тегін жасыру мақсатында екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне орналастырған.

Облыс прокуратурасының талап-арызы бойынша сот сотталған адамнан мемлекет пайдасына 1,9 млрд теңгеден астам соманы өндіріп алды. Сонымен қатар, сот мемлекет пайдасына 13,4 миллион теңге сомасына ақшалай қаражатты, 2 жеңіл автокөлікті және 7,9 мың АҚШ доллары сомасына цифрлық активтерді тәркіледі.