Астанада автосалон менеджері екі көлікті алаяқтық жолмен иемденіп алған

Фото: depositphotos.com

Астанада автосалон менеджері болып жұмыс істеген ер адам екі автокөлікті алаяқтық жолмен иемденгені үшін сотталды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы қаладағы автосалондардың бірінде сату жөніндегі менеджер қызметін атқарған. Ол пайдакүнемдік мақсатта клиенттердің сеніміне кіріп, оларға тиесілі екі көлікті заңсыз иемденген.

Жәбірленушілер «Changan CS55 Plus» және «Toyota Camry» маркалы автокөліктерін сату үшін автосалонға тапсырған. Алайда менеджер көліктерге сатып алушы табылғанын айтып, ақшасы бірнеше күн ішінде аударылатынына сендірген. Осылайша ол көлік иелерін автокөліктерді үшінші тұлғалардың атына қайта рәсімдеуге көндірген.

Көліктер қайта тіркелгеннен кейін сотталушы оларды сатудан түскен қаражатты жеке қажетіне жұмсаған. Соның салдарынан жәбірленушілерге жалпы көлемі 23 млн теңге материалдық шығын келген.

Сотта мемлекеттік айыптаушы ер адамның кінәсін дәлелдейтін жеткілікті дәлелдерді ұсынды. Сот отырысында ол кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан.

Сот үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық залалды өтеу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз