Аудандық мәслихат депутаты аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды

@kozachkow

Түркістан облысында Қытай азаматына қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасалды деген арыздан кейін сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл іске қатысты Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды «24KZ»

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.

Әлеуметтік желіде тараған бейресми мәліметтерге сәйкес, полицияға Алматы тұрғыны жүгінген. Ол Бәйдібек ауданының Байжансай ауылына қорғасын-мырыш рудасын өндіруге инвестиция салу мүмкіндігіне қызыққан төрт шетелдік азаматпен бірге барғанын айтқан.

БАҚ мәліметінше, қонақтарды депутат Ерғали Аманбаев қарсы алып, алып жүрген. Кейін ол 34 жастағы әйелді көлігімен адам жүрмейтін орынға апарып, оның еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен делінеді.

Ерғали Аманбаев – Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты және «Қарабатыр» ЖШС директоры. Бұған дейін ол Шымкентте жол қызметі ережелерін өрескел бұзғаны үшін полиция назарына іліккен болатын. Оның көлігі қарсы жолаққа шығып, қауіпті маневрлер жасағаны әлеуметтік желіде тараған еді. Сол кезде сот оны 4 тәулікке қамап, 1 жылға жүргізуші куәлігінен айырған болатын. Кейін «Amanat» партиясының аудандық филиалы оған сөгіс жариялаған, алайда аудандық мәслихат депутаттары жол ережесін бұзу депутаттық әдепке жатпайды деген тұжырымға келіп, ескерту жасаумен шектелген еді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, азаматтың кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп саналады.