Астанадағы тұрғын үй кешенінде өрт шықты
Елордадағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, төтенше жағдайлар қызметкерлері жедел әрекеттің арқасында төрт адамды аман алып қалды, деп хабарлайды «24KZ».
Бүгін таңертең ерте Астана қаласының Сарыарқа ауданындағы Ш. Қосшығұлұлы көшесінде орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінде төтенше оқиға тіркелді. Үйдің үшінші қабатындағы пәтерден кенеттен тілсіз жау шыққан.
Мәлімет бойынша, от 20 шаршы метр аумақты шарпып, пәтердегі үй жиһаздары мен тұрмыстық заттар жанып кеткен.
Шақырту орнына шұғыл жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің өртсөндірушілері мен құтқарушылары үйлесімді жұмыс көрсетті. Өртті сөндіру барысында қауіпті аймақта қалған тұрғындарға көмек көрсетіліп, көрші пәтерлерден төрт адам қауіпсіз жерге шығарылды. Адамдардың өмірін сақтап қалу үшін арнайы құтқару маскалары қолданылды.
Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді. ТЖМ мамандарының мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда тілсіз жаудың шығу себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.