Шымкентте есірткі тасымалдаған ерлі-зайыпты ұсталды

кадр бейнежазбадан

Шымкент қаласында полиция қызметкерлері өңіраралық есірткі тасымалдаушылардың жолын кесті. Алматыдан Шымкент қаласына синтетикалық заттарды тасымалдамақ болған ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қарағанды қаласының 48 жастағы тұрғыны мен оның 37 жастағы жұбайы қолға түсті. Олар жеке автокөлігімен Алматыдан Шымкентке синтетикалық есірткінің ірі партиясын жеткізіп, оны еліміздің оңтүстік өңірлерінде таратуды көздеген.

Көлікті тінту кезінде жүксалғыштан герметикалық түрде қапталған, жалпы салмағы екі келіге жуық мефедрон салынған төрт орама табылды.

Ұсталғандардың телефондарын тексеру барысында интернет-есірткі дүкенінің кураторымен жазысқан хабарламалары анықталды. Күдіктілер тапсырмаларды сол арқылы алып отырған. Сондай-ақ есірткі қылмыстары үшін криптовалюта арқылы сыйақы төленгені белгілі болды.

Қамқорлығында кәмелетке толмаған үш баласының болуына қарамастан, ерлі-зайыпты заңсыз табыс табу жолын саналы түрде таңдаған. Жауап алу кезінде олар кінәларын толық мойындады. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша, ер адамның каннабис тобына жататын есірткі тұтынғаны расталды.

Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Құқық қорғау органдары есірткі тасымалдаудың әрбір арнасын дер кезінде тоқтату жастарды қауіптен қорғауда маңызды екенін атап өтті.