АҚШ, Украина және 35 блогер: Қайсар Қамза ісінің жаңа мәліметтері жарияланды

Жеке мұрағатынан

Қаржы мониторингі агенттігі бұрын Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған блогер Қайсар Камзаға қатысты қылмыстық істің жаңа мәліметтерін жария етті, деп хабарлайды «24KZ». Тергеу барысында бұл іске АҚШ пен Украина азаматтарының да қатысы бары белгілі болды.

 

ҚМА дерегі бойынша, осы қылмыстық іс аясында тағы төрт адам күдікті ретінде танылды:

  • Дмитрий Дружински (1970 жылы туған, АҚШ азаматы);

  • Марина Левкович-Гинзбург (1985 жылы туған, Украина азаматы);

  • Дмитрий Пунин;

  • Марина Ильина.

Тергеу дерегі бойынша, шетелде жүрген Дмитрий Дружински мен Марина Левкович-Гинзбург PIN-UP және PINCO брендтері астындағы онлайн-казинолардың жұмысын үйлестірген. Олар сыбайластарды таңдау, банктермен және төлем ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау қызметтерін атқарған. Бұл қызметті жасыру үшін «Бонами» ЖШС құрылып, оларға заңды букмекерлік лицензия алынғаны хабарланды.

Сондай-ақ, заңсыз интернет-казиноларды жарнамалады деген күдікпен Өзбекстан азаматы Махмуд Хикматов халықаралық іздеуге жарияланып, оған сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

 

Тергеу барысы әлеуметтік желілерде онлайн-казиноларды насихаттаған басқа да қатысушыларды анықтауға бағытталған. ҚМА дерегінше, Махмуд Хикматов қазақстандық аудиториямен жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тартумен айналысқан. Олардың географиясы мен көрсеткіштері ескеріліп, жарнама құны анықталған.

Жалпы бұл жұмысқа 35-тен астам блогер тартылуы мүмкін екені айтылады. Солардың бірі – Вьетнамнан әкелінген Қайсар Камза. Тергеу мәліметінше, ол өз аккаунттары мен 400 мыңға жуық аудиториясы бар жабық Telegram-арнасында реферативті сілтемелерді орналастырып отырған.

Блогердің бұл әрекеттен тапқан заңсыз табысы 100 миллион теңгеден асады деп бағаланып отыр. Қаражат криптоәмиян арқылы аударылған, ал сот онымен байланысты 182 736 долларлық криптоактивтерге тыйым салынды. 

Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда. Күдіктілердің кінәсі тек заңды күшіне енген сот үкімімен ғана анықталады.