Ұлытауда 1 млрд теңгенің марганец кенін заңсыз өндірген топ ұсталды
ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаменті марганец кенін заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды 24KZ.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер өз әрекетін пайдаланудан шыққан карьерді рекультивациялау жұмыстарының астарында жүргізген. Алайда аумақта ауыр техникалар мен ұсату-жуу жабдықтарын пайдалана отырып, толыққанды тау-кен байыту кешенін ұйымдастырған.
Өндірілген кен тауарлық концентратқа өңделіп, теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортқа жөнелтіліп отырған. Шикізатты жүйелі түрде тиеп-жөнелту үшін күдіктілер теміржол тұйығын жалға алған, – делінген агенттік хабарламасында.
Тергеу дерегінше, өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асып, оның құны 1 млрд теңгеден көп болған.
Заңсыз жұмыстардың салдарынан қоршаған ортаға да зиян келген. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру үшін жүргізілетін рекультивация жұмыстарының құны 150 млн теңгеден асады.
Қазір аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.