Ақмолада дәрігерлердің қателігінен зардап шеккен азаматқа 1,6 млн теңге өтемақы төленетін болды

depositphotos.com

Ақмола облыстық сотының шешімімен аудандық емхана дәрігерлердің қателігі салдарынан зардап шеккен механизаторға 1,6 миллион теңгеге жуық өтемақы төлейтін болды, деп хабарлайды «24KZ».

Оқиға 2025 жылдың шілде айында Целиноград ауданында басталған. Серіктестіктердің бірінде жұмыс істейтін механизатор жергілікті емханаға бас ауруы, жөтел, мұрынның бітуі, дене қызуының көтерілуі және иық тұсының ауыруы шағымдарымен жүгінген. Дәрігерлер оған жіті респираторлы вирустық инфекция, жедел назофарингит, созылмалы бронхиттің өршуі және полисегментарлық пневмония сияқты бірнеше диагноз қойған.

Алайда бірнеше күннен кейін науқастың жағдайы жақсармай, керісінше қолдары мен иық буыны ісініп, қатты ауыра бастаған. Бұл жолы да дерттің нақты себебі анықталмады. Терапевт «ревматоидный артрит» диагнозын қойып, травматологқа баруға кеңес берген, ал травматолог бұл жағдайды иық буыны сіңірлерінің созылуы және шамадан тыс жүктелуі деп бағалаған.

Арада бір апта өткен соң науқастың жағдайы күрт нашарлап, ол Астана қаласындағы ауруханалардың біріне шұғыл түрде жатқызылды. Онда дәрігерлер сол жақ жоғарғы қолдың, сондай-ақ жауырын үсті және асты аймақтарының флегмону диагнозын анықтады. Шұғыл түрде жасалған ота кезінде дәрігерлер бір жарым литрге жуық ірің сорып шығарды.

Кейін сараптама комиссиясы аудандық емхана дәрігерлерінің бірқатар қателік жібергенін анықтады. Атап айтқанда, диагноз уақытында қойылмаған, зерттеу нәтижелері тиісті бағасын алмаған, ал науқастың шағымдары мен анамнезі мұқият зерттелмеген. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, осы олқылықтар асқынулардың пайда болуына, шұғыл ота жасау қажеттілігіне және иық буыны қызметінің бұзылуына әкеп соққан.

Механизатор сотқа жүгініп, емханадан жоғалтылған жалақысын, емделуге кеткен шығындарды және моральдық зиянды өтеуді талап етті.

Бірінші сатыдағы сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Емханадан науқастың пайдасына 700 мың теңге моральдық өтемақы өндірілді, ал жоғалтылған табыс пен ем шығындарынан бас тартылған болатын.

Алайда облыстық сот шешімнің бұл бөлігін қайта қарады. Алқа ұзақ уақыт бойы еңбекке жарамсыз болған талапкердің шынымен де табысынан айырылғанын анықтап, аудандық емханадан қосымша 914 мың теңге өндіріп алды. Сот актілері заңды күшіне енді.