Алматыда Канада азаматы бұзақылық жасағаны үшін 5 тәулікке қамалды
Алматыдағы қоғамдық орындардың бірінде болған оқиғадан кейін Канада азаматы әкімшілік қамаққа алынды деп хабарлайды 24KZ.
Әлеуметтік желілерде Алматыдағы Абылай хан даңғылы бойындағы қоғамдық орындардың бірінің маңында түсірілген видео тарады. Кадрларда көрші үстелде отырған ер адамның бейнетүсірілім жасап тұрған әйелге балағат сөздер айтқаны көрінеді.
Полиция ер адамның жеке басын анықтады. Ол Канада азаматы болып шықты.
Оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен Канада азаматына 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Алматы қаласының Полиция департаменті Қазақстан аумағында жүрген әр адамның азаматтығына немесе мәртебесіне қарамастан, заң талаптарын сақтауға міндетті екенін атап өтті.
Қазақстанның қонақжайлығы заң талаптарын елемеуге жол бермейді. Елімізде жүрген әр адам қоғамдық тәртіпті сақтап, айналасындағыларға құрметпен қарауы тиіс, – деп түсіндірді Алматы қаласы Полиция департаменті.