Ұлдана Мырзуан ісі: Сотта күйеуі 20 млн теңгенің есебін берді

Сурет: Жоғарғы сот

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы жалғасуда. Тыңдау барысында марқұмның күйеуі Әділет Зейнел куәгер ретінде жауап беріп, трагедиядан кейін қала әкімдігінен көрсетілген қаржылай көмектің қайда жұмсалғанын айтып берді, деп хабарлайды «24KZ».

Сотта әділеттілік іздеген тараптардың сұрақтарына жауап берген Әділет Зейнел қайғылы оқиғадан кейінгі жағдайды еске алды:

Ұлдананы жерлеген күні бізді әкімдікке шақырды. Онда Астана әкімі, орынбасары және мәслихат депутаты болды. Сол кезде 20 млн теңге қолма-қол ақша берді. Ол жерге біз Ұлдананың сіңлісі екеуміз бардық. Жерлеу рәсіміне қанша ақша жұмсалғаны есімде жоқ, – деді ол.

Оның айтуынша, сол кезде ол жәбірленуші статусында болған. Кейіннен марқұмның анасының өтінішімен бұл статустан бас тартқысы келгенін жеткізді. Бүгінгі таңда басқа отбасы құрып, үйленгенін айтқан Әділет Зейнел әкімдіктен алған қаржының қалай жұмсалғанын айтты. 

Мен келістім. Себебі мен басқа отбасын құрып, үйлендім. 20 млн теңге алдық, үш күн ішінде көліктің несиесін жаптым. Әкімдікке барғанымызды Ұлдананың туыстары білді. Банкте оның несиесін бірден айтпады. Айына 210 мың төлеп тұрған екен. 9 млн теңге несиеге, 4,5 млн теңгені ата-анасына қайтардық. Қалған қаражат ұсақ-түйек шығындарға жұмсалды. Құран оқытып, қой сойдық, – деді Әділет Зейнел.

Сондай-ақ ол ешкімге ешқандай кінә тақпайтынын атап өтіп, марқұм Ұлдананың өз ісін жақсы көргенін жеткізді.