«Е» орнына «F»: жүргізуші 3 тәулікке қамалып, бір жыл көлік жүргізу құқығынан айырылды

Фото: Жамбыл облыстық соты

Жамбыл облысының Жуалы ауданында көліктің мемлекеттік нөміріндегі бір әріпті өзгерткен жүргізушіге 3 тәулік әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол бір жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ».

Жуалы аудандық соты азамат А.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. Ол «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолында «Volvo» маркалы жүк көлігін басқарып келе жатқан кезде полиция қызметкерлері тоқтатқан.

Көліктің мемлекеттік нөмірін тексеру кезінде оның бір бөлігі кішкентай қағазбен жабылғаны анықталды. Соның салдарынан нөмірдегі «Е» әрпі «F» әрпіне өзгертілген.

Азамат А. кінәсін мойындаған. Ол нөмірдегі қағазды байқамағанын және оны әйелінің інісі әзіл ретінде жасағанын түсіндірді.

Сот А.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұл бап көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері бар көлік құралын басқарғаны үшін жауапкершілікті көздейді.

Сот қаулысымен оған 3 тәулік әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз