Павлодарда ыстық суға құлаған тұрғынға өтемақы төленді
Павлодарда жылу құбыры жарылып, ыстық суға құлаған тұрғынға өтемақы төленді, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға бірнеше күн бұрын болған. Тұрғын төрт жасар баласымен бірге келе жатқанда, кенеттен жер опырылып, ыстық су толған шұңқырға түсіп кеткен. Ер адамның денесінің 7 пайызы күйіп, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалады. Баласы зардап шеккен жоқ.
Жауапкершілікті «Павлодар жылу желілері» ЖШС өз мойнына алды. Кәсіпорын басшылығы тұрғынға өтемақы төленгенін мәлімдеді. Оның нақты сомасы жарияланған жоқ. Кәсіпорын директорының айтуынша, зардап шеккен азаматтың компанияға шағымы жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа жылу трассасындағы құбырдың жарылуы себеп болған. Апат болған учаске соңғы рет 15 жыл бұрын жөнделген.
«Павлодардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асады. Ал олардың тозу деңгейі 87 пайызға жеткен», – деді «Павлодар жылу желілері» ЖШС өкілдері.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз