Мемлекеттік қызметші букмекерлік шотына 5,7 млн теңгеден астам ақша салған
Ақмола облысының Шортанды ауданында мемлекеттік қызметшілердің букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға қатысқаны анықталды. Олардың бірі бірнеше ай бойы бәс тігіп, букмекерлік шотына 5,7 млн теңгеден астам ақша салған, деп хабарлайды «24KZ».
Облыстық прокуратураның мәліметінше, талдау барысында жекелеген мемлекеттік қызметшілердің букмекерлік мобильді қосымшаларды жүйелі түрде пайдаланғаны анықталған.
Тексеру кезінде олардың әрекетінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң және Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі талаптарының бұзылғаны белгілі болды.
Прокуратураның қадағалау актісі қаралғаннан кейін кінәлі қызметкерлерге тәртіптік шара қолданылды.
Құзырлы орган мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін мемлекеттік қызметшілер арасында профилактикалық жұмыстар жүргізілгенін хабарлады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз