МӘМС-тен 65,9 млн теңге ұрлаған стоматология басшысы сотталды
Алматы облысы прокуратурасының тексеруі нәтижесінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын заңсыз иемденудің кезекті дерегі әшкереленді. Жалған медициналық қызметтер көрсету арқылы мемлекетке 65,9 миллион теңге залал келтірілген, деп хабарлайды «24KZ».
Стоматологиялық клиниканың басшысы пациенттердің дербес деректерін заңсыз пайдаланып, медициналық жүйеге туа біткен патологиясы бар балаларға көрсетілмеген ортодонтиялық қызметтер туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізген. Осының негізінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ақшалай қаражат заңсыз аударылып отырған.
Прокурорлық тексеру материалдары негізінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімімен кінәлі тұлға сотталып, мемлекетке келтірілген 65,9 млн теңгелік залал толық көлемде өтелді.