Оралда қосалқы станцияға шыққан оқушыны тоқ соғып, қаза тапты
Орал қаласына қарасты Круглоозерное ауылында 10 жастағы бала электр қосалқы станциясында тоқ соғып, қаза тапты, деп хабарлайды 24KZ.
Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға 1 қыркүйек күні шамамен сағат 20:30-да болған. Бала электр қосалқы станциясының аумағына кіріп, нысанның үстіне шыққан. Сол жерде оны электр тоғы соққан. Салдарынана бала биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған.
10 жастағы бала есін жимастан оқиға орнында көз жұмды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қайғылы жағдай болған электр қосалқы станциясы ашық жерде орналасқан. Нысан аумағы қоршалмаған, ал есігі кейде құлыпталмай қалатын көрінеді. Тұрғындар бұл маңда балалардың жиі ойнайтынын да айтады.
3 қыркүйекте баланы туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды.
Қазір полиция қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.