Жоқ малға 50 млн теңге субсидия: Ақмола облысында қылмыстық схема анықталды
Ақмола облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 50 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры мен ветеринариялық станция басшысы әшкереленді, деп хабарлайды «24KZ».
Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті мен прокуратураның мәліметінше, «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізіп отырған.
Атап айтқанда, бұл қылмыстық схеманың нәтижесінде, шын мәнінде жоқ 57 асыл тұқымды бұқа үшін бюджеттен 9 миллион теңге аударылған. Осы жалған деректерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 миллион теңге бөлінген. Төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың бастан артық көрсетіліп, қосымша 27 миллион теңге субсидия заңсыз алынған.
Мемлекетке келтірілген жалпы залал 50 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.