Алматыда жаңа қаржылық алаяқтық схемасы анықталды
Алматыда Alemcredit.com сайты арқылы криптовалютамен микрокредит береміз деп халықты алдаған алаяқтық схема анықталды, деп хабарлайды «24KZ».
Күдіктілер әлеуметтік желілерде тиімді шарттармен қарыз беретіні туралы жарнама таратып, азаматтарды белсенді түрде тартқан. Қарыз рәсімдеу барысында клиенттерден жеке басын сәйкестендіріп, дербес деректерін беру және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген.
Алайда барлық рәсім аяқталған соң шарттар түбірлі өзгеріп отырған. Қарыз алушыларға уәде етілгеннен әлдеқайда аз сома аударылып, оның біраз бөлігі ескертілмеген комиссиялар мен түрлі төлемдер ретінде ұсталып қалған.
Сонымен қатар мәмілеге дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы нақты ақпарат берілмеген. Қаражатты қайтару үшін үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары қолданылған.
Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету үшін заңды тұлғалар, телекоммуникация құралдары мен тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған. Жүргізілген тінту жұмыстары кезінде жаппай SMS-хабарлама таратуға арналған SIM-бокстар мен көп мөлшердегі SIM-карталар тәркіленді.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.