Шымкент әуежайында жолаушы әйелдің сөмкесінен оқ-дәрі табылды

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Шымкент әуежайында сөмкесінен оқ-дәрі табылған әйелге 60 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды 24KZ.

Жамбыл ауданының тұрғыны Жезқазғанға ұшу үшін Шымкент әуежайына келген. Тексеру кезінде қызметкерлер оның заттарының арасынан тегіс ұңғылы аңшылық қаруға арналған 12 калибрлі патронды анықтаған.

Сотта әйел өз кінәсін мойындап, оқ-дәрінің сөмкесіне қалай түсіп кеткенін білмейтінін айтқан. Оның сөзінше, патронды сөмкесіне байқамай салып алған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған патрон зауыттық әдіспен жасалған және атуға жарамды болып шыққан.

Заңсыз оқ-дәрі сақтағаны үшін әйелге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынуы тиіс болған. Алайда сот оның кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкінгенін, бұған дейін мұндай құқық бұзушылық жасамағанын және істі ауырлататын мән-жайлардың болмағанын ескерді.

Осыған байланысты айыппұл мөлшері 30%-ға қысқартылды. Нәтижесінде Жамбыл ауданының тұрғыны 60 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Әуежайда тәркіленген патрон жойылады.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Сондай-ақ оқыңыз: