Қазақстан чемпионы Тілектес Әділ өндірістегі жазатайым оқиғадан қаза тапты
Шымкентте грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы Тілектес Әділ өндірістегі жазатайым оқиғадан қаза тапты. Спортшы жұмыс кезінде электр тоғынан зардап шегіп, биіктіктен құлаған, деп хабарлайды 24KZ Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға кафель өндіретін зауытта болған. Марқұмның досының айтуынша, жұмыс барысында Тілектес Әділ абайсызда электр сымына тиіп кеткен. Оны тоқ соғып, спортшы биіктіктен құлаған. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері оның өмірін сақтап қала алмады.
Тілектес Әділ Бақытжанұлы бала кезінен еркін және грек-рим күресімен айналысқан. Ол есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында Қазақстан намысын қорғаған.
2018 жылы Ақтөбеде өткен есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы Қазақстанның II спартакиадасында 55 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Ал 2019 жылы Қостанайда ересектер арасында грек-рим күресінен өткен командалық Қазақстан чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақта топ жарды.
Спортшы бұдан бөлек республикалық және халықаралық жарыстарда жүлдеге ие болған.
Тілектес Әділдің артында жары мен екі баласы қалды.