Баянауыл ұлттық паркінде өрттің таралуы бақылауға алынды

@EcologyofQazaqstan

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Далба бөлімшесі аумағында тұтанған табиғи өрттің одан әрі таралуы тоқтатылып, толықтай бақылауға алынды, деп хабарлайды «24KZ».

 Қазіргі уақытта өрт ошақтарын түпкілікті сөндіру және қайта тұтануға жол бермеу жұмыстары жүріп жатыр.

Өрт сөндіру күштерінің жедел әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде жалынның жаңа аумақтарға таралуына тосқауыл қойылды. Айта кетейік, тілсіз жау күні кеше Қарағанды облысының іргелес жатқан аумағында тұтанып, екпінді желдің салдарынан ұлттық парк шекарасына дейін жеткен болатын.

Күрделі таулы жер бедері мен қатты жел жағдайында өткен бұл күреске ондаған адам мен арнайы техника жұмылдырылып, жедел штаб құрылды. Зардап шеккендер жоқ, ал елді мекендерге қатер төніп тұрған жоқ.

Қазіргі уақытта оқиға орнындағы жағдайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев пен Мемлекеттік бақылау, орманды қорғау және сақтау басқармасының басшысы Жолбарыс Нияз тікелей бақылауда ұстап отыр.

Өрттің қайта тұтануына жол бермеу мақсатындағы қажетті іс-шаралар жалғасуда. 

Сондай-ақ оқыңыз: