Ақмола облысында жолаушылар пойызы 13 бас малды қағып кетті
Ақмола облысында «Петропавл – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызы 13 бас малды қағып кетті, деп хабарлайды 24KZ.
Оқиға 13 қыркүйекте Макинка – Елтай аралығында болған. Машинист теміржол жолында ұсақ малдың жүргенін байқап, шұғыл тежеу қолданған. Қабылданған шараларға қарамастан, пойыз 13 бас малды қағып кеткен.
Оқиға салдарынан пойыз қозғалысы 9 минутқа тоқтады.
Көлік полицейлері жануарлардың иесін Ақмола облысының 63 жастағы тұрғынын анықтады. Теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Көліктегі ПД бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов.
Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаменті пойыздардың шұғыл тежеуіне қатысты 1005 фактіні тіркеген. Оның 746-сы ауыл шаруашылығы жануарларының теміржол жолдарына шығуына байланысты.
Полиция мал иелерін теміржол маңында жануарларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Бақылаусыз жүрген мал пойыз қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, жолаушылардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді.