Мал шаруашылығына бөлінген 60 млн теңгені жымқырған күдікті қамауға алынды

кадр бейнежазбадан

Қызылорда облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 60 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен «Сыздық Ата» ЖШС басшысы ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен 2021 жылы құрылған бұл бірлескен кәсіпорынның жалпы құны 311 миллион теңгені құраған болатын. Жоба Жаңақорған ауданында ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытып, халықты қолжетімді бағамен сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған еді. Осы ретте корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 миллион теңге салып, бұл қаражатқа 1 600 бас қой, 130 бас ірі қара мал мен етті қаптау жабдығын сатып алу көзделген.

ҚМА Қызылорда облысы бойынша департаментінің мәліметінше, мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы қаржыны жымқыру схемасын ұйымдастырған. Нәтижесінде 60 миллион теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» жеке кәсіпкерліктерінің шоттарына заңсыз аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, сот санкциясымен оған тиесілі екі автокөлікке тыйым салынды. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Сондай-ақ оқыңыз: