Ақтөбеде изолятордан қашып кеткен ер адамға қосымша жаза тағайындалды
Ақтөбе облысында 33 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторынан қашып шыққан. Алайда еркіндігі ұзаққа созылмай, сол күні полиция қолына түсті, деп хабарлайды 24KZ.
Оқиға Бадамша ауылында болған. Ер адам бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жазасын өтеп жатқан.
Кешкі серуен кезінде ол құлыпты ашып, көрші аулаға кірген. Кейін қабырғаның бір бөлігін бұзып, арматураны сындырған. Осылайша шатырға көтеріліп, тікенек сымнан асып, изолятор аумағынан қашып кеткен.
Ол жаяу Кемпірсайға жетіп, сол жерден жолай көлік тоқтатып, Ақтөбеге қарай шыққан. Алайда қалаға жете алмай, сол күні полицейлер оны ұстады.
Сотта ер адам өз кінәсін толық мойындады. Қашқаны үшін оған 1,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұған дейінгі үкімі ескеріліп, жалпы 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Енді ол жазасын жалпы режимдегі колонияда емес, қауіпсіздік деңгейі жоғары мекемеде өтейді.