Ақтауда көлік өртенді
Ақтауда Hyundai H-1 автокөлігі қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінің алдында өртеніп кетті, деп хабарлайды «24KZ». Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, оқиға орнына құтқарушылар келген кезде көліктің мотор бөлігі мен салоны толық жанып жатқан. Сонымен қатар көлікке 60 литрлік газ қондырғысы орнатылғаны белгілі болып, бұл қауіпті еселей түскен.
Өрт сөндірушілер тілсіз жауды толық сөндірді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайды жоюға екі бірлік арнайы техника мен жеке құрам жұмылдырылды.
ТЖМ мамандары мен құтқарушылар көліктегі газ баллондарын уақытылы техникалық байқаудан өткізбеу, рұқсатсыз немесе сапасыз қондырғы орнату және оны көліктің техникалық паспортына ресми түрде тіркемеу өрт пен жарылыстың басты себебі екенін ескертеді.