386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде Ұлттық ұлан сарбаздары көлік ұрлығының жолын кесті

  • 1465
  • UPD: 09:24, 25.04.2017

Өскеменде Ұлттық ұланның 5518-әскери бөлімінің сарбаздары ұрылардың жолын кесті. Олар жүк көлігін рұқсатсыз айдап әкеткен қос бұзақыны ұстады. 1980 және 1982 жылдары туған қос күдікті бұрын да сотты болған екен. Қазір оқиға бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Ал қызметтік борышын адал өткерген әскерилер лайықты марапатталды.

Бұл сарбаздар үшін қоғамдық тәртіпті сақтау  басты мақсат. Кезекті қызмет барысында Өскемен қалалық ішкі істер басқармасынан жүк көлігі ұрланғандығы туралы белгі түседі. Әскери жасақтың қырағылығы арқасында бұзақылардың жолы кесілді. Оларды ұстау барысында қызметтік көлік қирады. Есесіне жүйткіген жүк көлігінің салдарынан оқыс оқиғаның жолы кесілді.

Берік Қиялов, автомобиль взводының бөлімше командирі аға сержант:

- Тексеріп жүріп, сол көлікті байқап қалдық. «Тоқта!» деп белгі беріп ек, ол машина біздің белгімізге құлақ аспады. Артынан қууға мәжбүр болып, қуалап едік, тоқтамады, алдынан тұрып ек, біздің мәшінімізді қағып кетті. Ұстап әкеліп, «Қыран 43» деген бортқа тапсырдық.

Бұрын сотталған азаматтар жүк көлігін қыдыру үшін ғана алған екен. Оқиға себепкерлеріне қатысты қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық әрекеті негізінде тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Ал қызметіне және әскери борышына адалдық танытқан сарбаздар марапатталды.

Еламан Талдыбаев, сарбаз-жүргізуші:

- Күнделікті жұмысымыз – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Марапат алу маңызды емес. Бірақ осындай марапаттар інілеріме шабыт береді деп ойлаймын. 

Жас сарбаздардың жанын шүберекке түйіп, бұзақыларға қарсылық танытуы оларға деген сенімді еселей түседі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы