«ЭКСПО-2017» көрмесіне қырғызстандықтардың қызығушылығы жоғары

Әсемдік, ауқымдылық, жаңашылдық. «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалаған қырғызстандықтардың пікірі осындай. Олар жасыл экономика тақырыбына негізделген жобалардың маңыздылығын айтады.

«ЭКСПО-2017» көрмесінің ауқымы кең. Таңғажайып павильондарды алғаш көргендердің бірі – Бішкек тұрғыны Гладис Семирчиева. Оның айтуынша, мұндағы нысандар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әр павильон – өзінше жеке әлем. Алайда бәрінің айтар ойы бір.

Гладис Темирчиева, турист:

-Көрмеден керемет әсер алдым. Әлемдік деңгейдегі шараның біздің аймақта өтіп жатқанына қуаныштымын. Себебі бұл – посткеңестік кеңістікте өтіп жатқан бірінші халықаралық көрме.

Чолпан Бейшеленқызы – көрмені тамашалаған тағы бір Бішкек тұрғыны. «ЭКСПО-2017» шарасы оны бей-жай қалдырмады. «Көрме дүйім жұртқа айтар ойымен қызықты», – дейді.

Чолпон Бейшеленкызы, турист:

-Онда адам өте көп болды. Бірақ бәрі бір-бірімен жақсы тіл табысты, ешкім ешкімге кедергі жасаған жоқ. Көрме ұйымдастырушылары барлық жағдайды қарастырып қойыпты. Қайда бару керектігін түсіндіріп, сұрақтарымызға жауап берді. Стендтер де өте көп.

Гладисқа да, Чолпанға да ЭКСПО-дағы альтернативті энергия мен экологиялық таза технологияларды өндіруші елдердің стендтері өте қызықты болыпты. Жасыл экономика – баламалы энергия көздері. Бұл тақырып әлемдік қауымдастық сияқты Қырғызстан үшін де өзекті. Елде әлі де дұрыс қолданылмай жатқан ресурстар көп-ақ. Сондықтан да «ЭКСПО-2017» көрмесі саладағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға сеп болмақ.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Бакыт Чермашев