383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Басы дауға қалған ХҚКО қызметкері жұмысынан босатылды

  • 810
  • UPD: 21:58, 26.10.2017

Басы дауға қалған Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері жұмысынан босатылды.

Себебі ол консалтингтік компания өкіліне өзге біреудің мекенжайы туралы анықтама қағазын сенімхатсыз беріп жіберген.

Оны Алматы тұрғыны Анна Дмитриевич байқап қалыпты. Әлеуметтік желі арқылы шағымын айтқан азаматша: «Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері жеке мәліметтерімді ұрлаған. Электронды үкіметтегі жеке кабинетіме кіргенде жылжымайтын мүлік пен мекенжайым туралы анықтамалардың қолды болғанын байқадым», – дейді.

Қызметкердің әрекетін заңсыз деп таныған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы оны дереу жұмысынан босатты. Қазір құжаттардың қандай мақсатпен алынғаны тексеріліп жатыр. Жағдайды түсіндіріп берген корпорацияның басқарма басшысы Абылай Оспанов: «Бұл адами фактор. Сондықтан артық алаңдауға негіз жоқ. Бірақ әрбір азамат сенімді болуы үшін жеке кабинетіне кіріп, құжаттарын қадағалап жүргеннің артықтығы жоқ», – дейді.

Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ басқарма төрағасы:

- Иә, қызметкерді жұмысынан босаттық. Сонымен бірге бөлім басшысына ескерту жасалды. Сұранымды алғаннан кейін біз ақпаратты құқық қорғау органдарына жолдаймыз. Олар деректі қандай мақсатта алғанын тексеретін болады.

Абылайхан Оспановтың айтуынша, қазір «Электронды үкімет» жүйесін жетілдіруге көп күш жұмсалып жатыр. Қандай жағдайда болмасын, азаматтардың жеке басы жайлы мәліметтерге көлденең келгендердің қол сұғуына жол берілмейді деп сендіреді ол.

Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ басқарма төрағасы:

- Қазіргі таңда біз оңтайландыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Біз барша азаматты Электронды үкімет қызметін пайдалануға шақырамыз. Порталдың тіркеу бөлімінде өзіңіздің телефон нөміріңізді тіркей аласыз. Мұны Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да істеуге болады. Сондай-ақ электронды поштаңызды көрсету арқылы өз деректеріңізді бақылай аласыз.

Хабар 24 телеарнасы