389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада көпқабатты ғимараттың бір бөлігі опырылып түсті

  • 782
  • UPD: 20:12, 01.03.2018

Қызылордада 5 қабатты жатақхананың бір бөлігі опырылып құлады.

Кезінде «Жылуэлектроорталығына» қараған ғимарат кейін баспанасыз тұрғындарға уақытша паналау үшін берілген. Оқиға кеше түнде сағат 22.30 шамасында болған.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Бір бөлігі опырылып түскен жатақхана Титов шағын ауданында орналасқан. Абырой болғанда, ғимараттың бұл бөлігінде тұрғындар қоныстанбаған. Алдын ала мәліметтер бойынша зардап шеккендер мен адам шығыны жоқ.

5 қабатты, 103 пәтерден тұратын ғимарат 1971 жылы «Жылуэлектрорталығының» жатақханасы ретінде салынып, пайдалануға берілген. Осы жатақхананы уақытша паналаған 46 отбасы арнайы эвакуациялық пунктке орналастырылған. Эвакуациялық пункт толықтай жылы төсек-орынмен және қажетті заттармен жабдықталған. 3 мезгіл ыстық тамақ пен алғашқы медециналық көмек жасауға арналған дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.

Зейнеп Мырзабаева қала тұрғыны:

– Орналастырамыз деп жатыр. Алты айға дейін төлейтіндерін айтты. Одан әрі қарай бізді бұл мәселе ойландырып тұр. 6 айдан кейін де біздің дайын тұрған үйіміз жоқ. Мен салып үлгере де алмаймын.

Әсел Баймұрзаева, қала тұрғыны:

– Өзіміз қорқып кеттік. Бірінші қабатта тұрамын. Жер сілкінгендей болды.

Айта кетейік, бұл жатақхана ғимараты апатты деп танылмаған. Қазіргі уақытта оқиға орнында қирандыларды аршылуда. Бұл жұмыстарға 17 техника мен 80 астам қызметкер жұмылдырылған. Қала әкімдігі баспанасыз қалған отбасыларды уақытша пәтермен қамту мәселесі де бірер күнде шешілетінін мәлімдеді.

Асылбек Шәменов, қала әкімінің орынбасары:

– Орналастыруды заң шеңберінде қарастырып, мәселені шешеміз. Тұрғындарымызды далада қалдырмаймыз. Осы күнге дейін олар сол жатақханада қоныстанып келді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Бүгінде апаттың нақты себептері анықталып жатыр. Әзірге нақты неден болғаны белгісіз.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы