366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семей орманына өрт қойғандар іздестіріліп жатыр

  • 237
  • UPD: 23:47, 23.05.2018

«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында кеше тұтанған өрт бүгін таңертең толық сөндірілді.

Алайда тілсіз жаумен күрес жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ал қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының анықтаушылары бұл іс бойынша материалдарды Ішкі істер басқармасына өткізген. Өрт қойғандар іздестіріліп жатыр.

Орман өртін өшірудің өзіндік қиындықтары бар. Жердегі жалынның әлегі басқа. Тілсіз жау биік қарағайдың басына шығып алғаннан кейін ондағы бүршіктер жан-жаққа жарылғыш зат сияқты ұшқын тастап отырады. Тіпті оның жылдамдығы сағатына 40-50 шақырымға дейін жетеді екен.

Соңғы ақпараттар бойынша 260 гектардан астам алқапты қызыл жалын жалмаған. Тілсіз жаумен күреске 70-тен астам техника, 300-ден астам адам жұмылдырылыпты. Бүгін таңертең жауған жаңбыр да қызыл жалынның бетін қайтаруға сеп болған.

Орманда өрт ауыздықталғанмен, әлі де шоқ сөндіру жұмыстары күшейтіліпті. Алайда Төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірге алапат апаттың зардаптарын өз көзімізбен көруге барған біздің түсіру тобының жұмысына кедергі де табыла кетті. Орманшылардың өз заңы бар екен

Енді бұл өрттің шығу себептерімен полицейлер айналысып жатыр.

Қымбат Көпбаев, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы:

– Өртке абайсыздық және өртеу фактісі бойынша 2 себеп қойылып отыр. Өрт бойынша біздің анықтаушы қызметкерлер материалдарды жинап, Семей қалалық Ішкі істер басқармасына жіберілді.

Ал келтірілген шығын көлемі арнайы құрылған комиссия көмегімен 10 күннен кейін белгілі болады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы