360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында суға шомылу маусымы басталмастан 4 жеткіншек суға кетті

  • 241
  • UPD: 11:56, 27.05.2018

Атырау облысында суға шомылу маусымы басталмастан 4 жеткіншек суға кетті.

Тағы он шақты адамның өмірін құтқарушылар сақтап қалды. Тұрғындарды қауіп-қатерден сақтау мақсатында құтқарушылар қазірдің өзінде бірталай жұмыс жүргізді. Құтқару қызметінің сүңгуірлері жағалауға күні-түні кезекшілік етіп, арнайы белгілер орнатуда.

Қазір құтқарушылар мен сүңгуірлердің материалдық-техникалық базасы барынша жетілдірілген. Бірақ көп жағдайда тұрғындар қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамайды.

Ербол Бірәлиев, Батыс өңірлік жедел құтқару жасағының жетекшісі:

– Әлі жазғы маусым басталмай тұрып, қазір облыс бойынша 4 адам суға кетіп отыр. Оның төртеуі де кәмелеттік жасқа толмаған. Қараусыз қалады, қауіптілік белгілері қойылған жерлерге түсіп, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамағаннан болып отыр.

Өткен жылы облыс бойынша 21 адам суға кеткен. Ал 9 адам құтқарушылардың арқасында аман қалды. Осы салада 16 жылдан бері еңбек етіп жүрген Азамат Мырзағалиев – өз ісінің шебері. Алғаш рет 17 жасында суға кеткен адамды құтқарып қалған ол болашақта мамандық ретінде осы саланы таңдаған. Осы уақыт аралығында жүздеген адам өмірін сақтап қалған құтқарушының еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды.

Азамат Мырзағалиев, Батыс өңірлік жедел құтқару жасағының бөлім басшысы:

– Біздер тек қана судан емес, жалпы апаттан құтқарамыз, адамдар теңізде жоғалып кетіп жатады, ауыл-аймақтарда кішкентай балалар жоғалып кетіп жатады, солардың бәрін құтқарамыз. Енді осы қанша күшім болады, осы салада жұмыс істеймін бе деп ойлаймын.

Жедел құтқару жасағының құрамында 69 маман бар, олардың 33-і – сүңгуірлер. Бастарын қауіп-қатерге көп тігетіндер де осы сүңгуірлер. Енді бірнеше күннен соң ресми шомылу маусымы басталады. Сондықтан құтқарушылар қарапайым тұрғындарға суға батқандарға көмек көрсетудің әдіс-тәсілдері мен жолдарын үйретуге көп күш салады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы