365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде екі бала топырақ астында қалып қойған

  • 202
  • UPD: 22:56, 23.07.2018

Ақтөбеде жағажайға келген демалушылар топырақтың астында қалды.

Оқыс оқиғадан екі бүлдіршін зардап шегіп, жасқа толмаған нәресте аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.

Жаздың демалыс күндерін жағажайда өткізуге келген ақтөбелік отбасы оқыста опық жеуге қалған. Ыстық күннен көлеңке іздеп, күркелердің біріне жайғасады. Алайда тал түсте су бойындағы жар опырылып, астындағылардың барлығын басып қалған. Оқиғаны көзімен көргендер құм мен тас астында қалғандарды дереу қазуға кірісіпті.

Айбат Жаңабергенов, қалалық ТЖБ басшысы:

– Оқиға орнында куәгерлердің күшімен 2 бала шығарылып, әр түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Құтқарушылардың көмегімен екі адамға медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда орын алған оқиға бойынша Елек полиция бөліміне жолданып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Оқиға орнына жеткен жедел қызмет өкілдері ерексектердің айтарлықтай жарақат алмағандығын анықтайды. Ал он айлық нәресте мен екі жасар бүлдіршін дереу облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Бөбектердің үлкеніне сол жерде көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылған.

Сағидолла Досмағамбетов, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Он айлық баланы ауыр жарақатқа байланысты жансақтау бөліміне жатқыздық. Жағдайы тұрақты. Емін әрі қарай жалғастырады.

Ақылы жағажайдағылар мұндай оқиғаның бұл жерде бірінші рет орын алғандығын жеткізді. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі «Ақтөбе су қоймасын айнала қоршаған тік жарға жауапты емеспіз», – дейді. Олар бірінші кезекте судан келер қатердің алдын алуға жауапты. Ал орын алған оқыс оқиғаны енді полицейлер тергейтін болады. Айта кету керек, облыста 58 жағажай бар. Оның 44 коммуналдық меншікте.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбак Даутов

Хабар 24 телеарнасы