364,95 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қапшағайда болған қайғылы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды

  • 245
  • UPD: 19:15, 29.08.2018

«Қапшағай су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 3 жұмысшысы қаза болуына байланысты Алматы облысында арнайы комиссия құрылып, жұмыс істей бастады.

Естеріңізге сала кетейік, кеше аталған кәсіпорында істейтін үш азамат Қапшағайдағы сегізінші ықшам ауданда орналасқан №11 кәріз сорғы стансасында жоспарлы тазарту жұмыстарын жүргізу барысында мерт болған еді. Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында бүгін осы оқиғаға байланысты брифинг өтті.

Қапшағайдағы №11 кәріз сорғы стансасындағы құдықтан кеше үш жұмысшының мәйіті шығарылды. Көз жұмғандар 5-разрядты слесарь Эдуард Түменбаев, 3-разрядты дәнекерлеуші Бауыржан Әлиханов және тағы бір 5-разрядты слесарь Талғат Ахметов. Көріп отырғанымыздай, жұмыс барысында мерт болған азаматтардың барлығы – өз ісін жетік білетін тәжірибелі мамандар. Жасы елуді еңсерген сақа жұмысшылардың құдық ішінде мерт болғанын алдымен аталған кәсіпорынның көлік жүргізушісі байқап қалып, қайғылы оқиға жайлы хабар берген.

Азамат Жұртбаев, облыстық ТЖД баспасөз қызметінің ресми өкілі:

– Шығарған кезде, қаза болған азаматтардың тыныс алу мүшелерін қорғайтын арнайы құрылғылары жоқ екені анықталды. Алдын ала болжам бойынша ол жерде енді техникалық қауіпсіздік ережелері сақталмаған деп санаймыз.

Ал «Қапшағай су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының инженері Ерлан Атчиев жұмысшылардың барлығы қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілгенін және әр тоқсан сайын еңбек қауіпсіздігі ережелерін жіті пысықтап отыратынын айтты. Бірақ қаза болған азаматтардың қорғаныш құрылғылары не себепті көлік ішінде қалып қойғанын түсіндіріп бере алмады.

Ерлан Атчиев, «Қапшағай су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының инженері:

– Ол жұмыстардың барлығы күзгі, қысқы дайындық кезеңіне сәйкес, жоспар бойынша тазаланады. Қазіргі кезде «Қапшағай су арнасы» басшылығының атынан қаржылай және жерлеу рәсімдеріне көмектер көрсетілуде.

Кәсіпорын басшылығы тарапынан қанша көмек көрсетілгенімен, ай-күннің аманында құдық ішінде метан газына уланып, ажал құшқан азаматтардың орнын толтыру мүмкін емес. Биыл Алматы облысында 9 адам тап осындай жағдайда көз жұмды. Шілде айында Шелек ауылдық ауруханасының ауласындағы кәріз құдығының ішінде үш жұмысшы жан тәсілім етсе, осы айдың орта тұсында Кеген ауданының Алғабас ауылында тепсе темір үзетін үш жігіт құдықтан су сорамыз деп мерт болды.

Мұрат Мәдіғұлов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Шелек бойынша айта кетейін, комиссияның шешімі бойынша Шелекте 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі деп танылды. Сондай қорытындыға келді. Ал енді Кеген бойынша бізге ондай материалдар түскен жоқ.

Қапшағайда болған оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, жұмыс істей бастады. Тексеру қорытындысы 10 күннің ішінде шығады. «Қаза болғандардың отбасына жұмыс беруші тарапынан қаржылай көмек көрсетіліп, сақтандыру заңына сай төлемақы тағайындалады», – дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Осы категория бойынша: « Алматыда жол апатынан жүкті әйел мен бала зардап шекті Мысырда қазақстандықтар мінген автобус апатқа ұшырады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы