366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оқиғалар хроникасы. 24 қыркүйек

  • 162
  • UPD: 10:11, 24.09.2018

Қарағандыда жолаушылар тасымалдайтын көлік өртеніп кетті.

Ал Өскеменде мыс зауытынан тілсіз жау шығып жұртты дүрліктірді. Елімізде болған соңғы оқыс оқиғалар келесі топтамада.

Жолаушы тасымалдайтын автобус жанып кетті

Теміртау қаласының 6-шағын ауданында жолаушы тасымалдайтын ПАЗ маркалы автобус өртке оранды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалын бар болғаны 10 минут ішінде толық сөндірілген. Тілсіз жауды ауыздықтауға Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметінің 3 арнайы техникасы мен 13 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Қазір оттың шығу себебі анықталып жатыр.

Мас күйінде жолдан өтпек болған жігіт ауруханаға түсті

Өскеменде көшенің қақ ортасында жол апаты болып, бір ер адам ауруханаға түсті. Куәгерлердің айтуынша, азамат көлік көп жүретін Тәуелсіздік даңғылын жол белгісіне қарамастан кесіп өткен. Осылайша кешқұрым жолға атып шыққан оны көлік қағып кетті. Қалалық ішкі істер басқармасы жігіттің мұндай қадамға баруына ішімдікке сылқия тойып алғандығы себеп болғанын айтады. Қазір ол ауруханада жатыр.

Есепші 11,6 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Жұмыспен қамту орталығының есепшісі бюджет қаржысын өз пайдасына жаратқаны үшін бас бостандығы шектелді. Ол жастар практикасы мен қоғамдық жұмыстарға бөлінген 11,6 миллион теңгені таныстарының есепшотына аудару арқылы өз мүддесіне жаратып отырған. Жаңақорған аудандық сотының үкімімен есепшіге шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал келтірілген шығын толығымен өндірілді,- деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі. Бұл дерек Қазақстан Республикасы Бас прокурорының тапсырмасымен халықты жұмыспен қамту туралы заңнамалардың қолданылуына тексеріс жүргізу барысында анықталды.

Бұзақылар аулада тұрған көліктерді бүлдірді

Қарағанды қаласында үй ауласында тұрған 10 шақты көліктің әйнектерін белгісіз біреулер түн ортасында сындырып кеткен. Өзгенің мүлігін бүлдіру фактісі Октябрь ауданында орын алды. Заң бойынша мұндай әрекет ұрлық жасаумен тең болып саналады. Дәл осы бапқа сәйкес қазір қылмыстық іс қозғалды. Бұзақыларды іздестіру шарасына қалалық Ішкі істер департаментінің жеке құрамы жұмылдырылған.

Мыс зауытынан өрт шықты

Өскеменде мыс зауытынан өрт шықты. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқыс оқиға мыс балқыту цехында тіркелген. Ол жерде балқытылып жатқан металл қазандықтан асып төгіліп, өрт тұтанған. «Соның салдарынан 70 шаршы метр аумақты от шарпыды», – дейді құтқарушылар. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Алдын ала болжам бойынша тілсіз жау технологиялық талаптардың сақталмауынан болған.

Жалған ақпарат берген күзетшілер анықталды

Қарқаралы ауданындағы күзет агенттігінің қос күзетшісіне қатысты терроризм туралы жалған ақпарат беру бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оқиға былай болған: 20 қыркүйек күні Қарқаралы аудандық ішкі істер бөліміне аудандағы күзет агенттігінің басшысы хабарласып, қос күзетшінің қызмет барысында биіктігі – 10, ұзындығы 20-30 см болатын «СВУ МУЛЯЖ» жазуы бар қорапша тауып алғандығы туралы хабарлаған. Полиция қызметкерлері жүргізген алдын ала тергеу жұмыстары барысында 37 және 22 жастағы күзетшілердің сыйақы алу мақсатында қорапты өздері тастап кеткендігі анықталды.

Хабар 24 телеарнасы